Ссылки доступа

Ереван: түрік F-16 ұшағы армян соғыс ұшағына шабуыл жасады


Ереван Армения қарулы күшінің Су-25 шабуылдаушы ұшағына түріктің F-16 әскери ұшағы шабуыл жасады деп мәлімдеді.

Армения ІІМ ұшқыш қайтыс болды деп мәлімдеді. Бірақ Түркия бұл ақпаратты теріске шығарды деп хабарлады BBC.

Сейсенбі күні Түркия президенті Режеп Ердоған Әзербайжанға Таулы Қарабақты қайтаруға көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Таулы Қарабақтағы жанжалды тоқтатудың жалғыз жолы - Армения бұл аймақтан кету керек деді.

Ал өз кезегінде Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісімшарт ұйымы бойынша Армения одақтасы Ресей түрік билігін Бакуды жария қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырды.

Әзербайжан қорғаныс министрі 28 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде "армян әскері [Таулы Қарабаққа жапсарлас жатқан] Тертер қаласын атқылады" деп мәлімдеді.

"Қорғаныс министрлігі басшылығы бұған сәйкесінше жауап береді деп соңғы рет ескертеді" делінген әзербайжан тарабының хабарламасында.

Әзербайжан әскерінің шабуылы 27 қыркүйек таңертең басталған. Әзербайжан әскери басшылығы мұны "контршабуыл" деп атады. Олардың сөзінше, алдымен Армения әскери күштері оқ жаудырған. Армения жағдайдың ушығуына Әзербайжанды кінәлады.

Екі тарап та әскери қимылдар жалғасып жатқан аумақта әскери жағдай енгізіп, қақтығыстың алғашқы күні ол жаққа тікұшақ, дрон, танк, артиллериялар әкелінген.

Өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақ билігі 28 қыркүйекте әзербайжан күштерімен қақтығыс кезінде барлығы 32 сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеді.

"Я не боюсь войны!" – говорят в Баку и Ереване
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш те Әзербайжан мен Армения басшыларын әскери қимылды тоқтатуға шақырды.

Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ ауданы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін бақылауына алып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да тіркеп алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп атайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.

XS
SM
MD
LG