Ссылки доступа

Бішкекте жылу электр орталығы бойынша сотталғандардың есеп-шоттары тексеріліп жатыр


Бішкек Жылу электр орталығындағы (ЖЭО) коррупциядан мемлекет тартқан зиян бойынша сотталғандардан материалдық шығынды өндіріп алуға әрекет жасап жатыр.

Қазір сотталғандардың мал-мүлкін және банк есептерін анықтау ісі жүріп жатыр деп хабарлады Сот орындаушылар департаментінің баспасөз қызметі.

Биыл шілдеде Жоғарғы сот ЖЭО-дағы апат және коррупция бойынша бұрынғы сегіз жетекшіге 5 млрд 440 млн сомға жақын материалдық зиянды Қаржы министрлігі мен "Электр станциялары" компаниясының пайдасына төлеп беруді міндеттеген.

Олар - елдің экс-премьер-министрлері Сапар Исаков, Жантөрө Сатыбалдиев, "Ұлттық энергохолдинг" компаниясының бұрынғы жетекшісі Айбек Калиев, экс-қаржы министрі Ольга Лаврова, "Электр станциялары" компаниясының бұрынғы жетекшісі Салайдин Авазов, оның бұрынғы орынбасары Жолдошбек Назаров пен ЖЭО-дағы модернизациялау жобасының бұрынғы атқарушы директоры Темирлан Бримкулов, бұрынғы энергетика және өнеркәсіп министрі Осмонбек Артыкбаев.

Жоғарыдағы қаржыны сегізге бөлгенде, әрқайсысы 680 млн сомға жуық қаражат төлеуі тиіс.

Елдің бас прокуратурасы Бішкек ЖЭО-дағы модернизациялаудан мемлекетке 111 миллион 252 мың доллар зиян келгенін мәлімдеген.

2018 жылдың 26 қаңтарында қатты аязда ЖЭО-да апат болып, Бішкек бірнеше күн бойы жылусыз, жарықсыз қалған.

Компанияны қалпына келтіру үшін Қытайдың "Эксимбанктен" 386 миллион доллар несие алып, оның жартысы талан-таражға түскені мәлім болған.

XS
SM
MD
LG