Ссылки доступа

Қазақстанға келетіндер екі күнге карантинге жіберілетін болады


Қазақстанға келгендер, егер қолында COVID-19 вирусына сынама теріс нәтиже бергені жөнінде анықтама болмаса, екі күнге карантинге жіберіледі. Осылай деп денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 қазанда онлайн-брифинг кезінде мәлімдеді.

"Қазір көріп отырмыз, Еуропада, Германия, Австрияда COVID-19 вирусын жұқтырғандар көбейіп жатыр... Біздің азаматтар өзге елге барғанда, ПЦР-сынамасының нәтижесін сұрайды. Онсыз мысалы Біріккен Араб әмірлігіне кіре алмайсыз. Біз мұны шетелге шыққандар Қазақстанға тағы індет алып келмеуі үшін жасап жатырмыз", - деді министр.

Әуе қатынастары қалпына келген елдерден келіп жатқан азаматтардың ең бірінші дене қызуын тексереді, қысқаша сауалнама алады, қолында COVID-19 вирусына тест тапсырғаны жөнінде анықтама сұрайды. Ол анықтама мерзімі үш тәуліктен аспауы тиіс. ПЦР-анықтама шетел азаматтарынан да талап етіледі. Онсыз олар ұшаққа кіре алмайды.

Министр мұндай талаптар Еуразия экономикалық аймағынан және Өзбекстаннан келетін азаматтарға да қойылғанын атап өтті.

Қазақстанда әлі Қытай, Таиланд, Монғолия, Малайзия, Египет, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь және Әзербайжан елдерімен әуе қатынасында шектеу бар.

Ал екінші категорияға кіретін Швейцария, Ұлыбритания, Польша, Италия, Венгрия, Австрия, Нидерланд, Швеция, Румыния, Чехия, Грекия, Түркия, БАӘ, Сауд Арабия, Үндістан, Армения, Ресей, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне ұшақ сирек қатынайды.

Қазақстанда коронавирус инфекциясы ресми түрде бірінші рет 13 наурызда тіркелді. 1 қазандағы есеп бойынша, Қазақстанда жалпы 107 мың 979 адамнан COVID-19 вирусы анықталған. 102 мың 937 науқас айығып шықса, 1 724-і қайтыс болған. 1 тамыздан бері 32 799 адамнан ковидқа ұқсас пневмония анықталған (COVID-19 вирусына тест теріс нәтиже берген). Олардың 27 169-ы сауығып шықса, 355 науқас қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG