Ссылки доступа

Навальный Путиннің баспасөз хатшысын сотқа беретінін мәлімдеді


Оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальный Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковты шетелдің арнайы қызметімен байланысы бар деген сөздері үшін сотқа беретінін мәлімдеді.

"Бұл мемлекеттік шенеуніктің мәлімдемесі. Біріншіден, Песковты сотқа берем. Екіншіден, ЦРУ мамандарымен жұмыс істегенімді дәлелдейтін фактілерді жариялауын талап етемін. Оны эфирден прайм-тайм кезінде көрсетіңдер. Рұқсат беремін", - деді Навальный.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Алексей Навальныйдың артында АҚШ-тың бас барлау басқармасының қызметкерлері тұрғаны жөнінде мәлімет бар деген.

Оған дейін Ресей мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин Навальныйды "Батыстың арнайы қызметімен жұмыс істейді" деп айыптаған.

Ресей шенеуніктерінің мұндай реакциясы Алексей Навальныйдың өзін "уландыруының артында Владимир Путин тұр" деп айтқаны "Der Spiegel" неміс журналында жарық көргеннен кейін айтылып жатыр.

"Бұл қылмыстың артында Путин тұр деп санаймын, оқиғаны басқаша түсіндіре алмаймын" деді Навальный журнал тілшісіне. Оппозиционер Ресейге оралуды жоспарлап отырғанын, қоқан-лоқылардан "қорықпайтынын" айтқан.

20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан жолда ұшақта саясаткердің жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбыға қонған болатын. Бастапқыда Навальный Омбы ауруханасына жатқызылды. Екі күннен соң туыстары мен жақтастарының талабымен Берлин клиникасына ауыстырылды.

2 қыркүйекте Германия үкімінің ресми өкілі Штеффен Зайберт зертхана мамандарының қорытындысына сүйене отырып, Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына жататын у қалдықтары табылды деп мәлімдеген. Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден оқиғаны түсіндіруді талап етті. Франция мен Швецияның тәуелсіз зертханалары да бундесвер зертханасының қорытындысын растап, Навальныйдың "Новичок" тобына жататын удан уланғанын айтты. Ал Омбы ауруханасы мамандарының сөзіне сүйенген Ресей билігі саясаткердің ағзасынан у табылмағанын, қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ екенін айтқан.

Өткен апта басында Берлиндегі "Шарите" клиникасы саясаткерді ауруханадан шығарған. Ол қазір Германияда айықтыру курсынан өтіп жатыр. Навальный клиникада 32 күн жатқан, 24 күн реанимация бөлімінде болған.

XS
SM
MD
LG