Ссылки доступа

Өзбекстанда мұғалімдер коронавирустан "емдейтін" тегін дәріні ішуден қорқады


Өзбекстанда өткен аптада мұғалімдерге гидроксихлорохин (плаквенил) және цинк секілді дәрілерді тегін тарата бастады. Республиканың денсаулық сақтау министрлігі дәрілер коронавирус ауруының таралуын тежеу мақсатында тегін берілетінін хабарлады.

Мұғалімдердің айтуынша, қоғам сынына ұшыраған гидроксихлорохин дәрісін ішуден көпшілік қорқып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гидроксихлорохин дәрісінің коронавирустан емделуге көмектеспейтінін мойындаған. Бұның алдында Өзбекстан бұл дәріні коронавирустан емделу хаттамасынан алып тастаған, бірақ көп ұзамай препарат тізімге қайтадан қосылған.

22 қыркүйекте Ташкент облысының Ташкент ауданындағы мұғалімдерге гидроксихлорохин (плаквенил) мен цинк дәрісін тегін тарата бастады.

– Әрбір мұғалім алты түйір дәріден алды. Ал 28 қыркүйекте он түйір дәріден таратылды. Бастапқыда біз оның не дәрі екенін білмедік. Бізге осы дәріні ішсеңдер, сендерге вирус жұқпайды деп айтты. Бірақ әркімнің ағзасы әртүрлі, кейбір адамға ол дәрі жақпайды. Бұл препаратты таратар алдын біздің денсаулығымызды ешкім тексерген жоқ, сол себепті мен бұл дәріні ішуге қорқамын, – деді Ташкент ауданындағы бір орта мектептің мұғалімі.

Бұл дәрілерді Ташкент ауданында ғана емес, республиканың бүкіл аймағындағы мұғалімдерге тегін таратып жатыр.

Әлеуметтік желілерде өзбекстандықтар гидроксихлорохин дәрісін саудаға шығаруға мүдделі топтарды қатаң сынады. Бірақ республиканың денсаулық сақтау министрлігі дәрілер елге гуманитарлық көмек ретінде келіп жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG