Ссылки доступа

Қырғызстанда парламент сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды (видео)


Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жексенбіде түнгі 23:00-ге қарай сайлаудың алдын ала қорытындысы 98% белгілі болды деп мәлімдеді. Соңғы мәлімет бойынша, сайлауға қатысқандар - 56,04%.

Яғни 1 974 441 сайлаушы дауыс берген. Ресми мәлімет бойынша, 3 миллион 523 554 адам дауыс беру тізіміне енгізілген.

Ресми мәліметке қарағанда, 4 қазанда парламент сайлауында "Биримдик" партиясы дауыстардың 24,53%, "Мекеним Кыргызстан" 23,9%, "Қырғызстан" 8,74%, "Бүтүн Кыргызстан" 7,09% алып, жеті пайыздық межеден өткен.

"Мекенчил" партиясы 6,85%, "Республика" 5,81%, "Ата Мекен" 4,04%, "Ыйман Нуру" 3,35%, "Бир Бол" 3,03%, "Чоң Казат" 2,33%, "Замандаш" 2,15%, "Социал-демократтар" 2,12%, "Реформа" 1,63%, "Мекен Ынтымагы" 0,63%, "Ордо" 0,22% және Ауғанстан соғыс ардагерлері және басқа соғысқа қатыстандардың саяси партиясы 0,17% дауыс алған.

Сайлауға келгендердің 1,8% бәріне қарсы дауыс берген.

Сайлау кампаниясының өзі жанжалмен басталған. "Қырғызстан" саяси партиясы құжат өткізуде кеш қалды. Кейін сот арқылы сайлауға қатысуға мүмкіндік алды.

Сайлауға қатысқан "Ата Мекен", "Республика", "Бир Бол", "Реформа", "Замандаш", "Социал-демократтар" және "Ыйман Нуру" партиялары дауыс берудің қорытындысына келіспейтінін жеткізді.

"Ата Мекен" және "Республика" партияларының үміткерлері түнгі бірде баспасөз мәслихатын өткізді. Олар 5 қазанда қырғызстандықтарды Абдылас Малдыбаев атындағы Опера жана балет театры алдына сағат 14.00-ге бейбіт акцияға шақырды.

"Олигархиялық топтардың, криминалдардың, ұрылардың парламентке келуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан сайлау қорытындысын жоққа шығару үшін бүкіл қырғызстандықтарды шақырамыз", - деді "Ата Мекен" лидері Жанарбек Акаев.

"Социал-демократтар" партиясының бірнеше өкілі сайлау қорытындысына қарсы үкімет үйі алдына шығып, үнсіздік митингісін бастады.

XS
SM
MD
LG