Ссылки доступа

Қырғызстанда көтерілген халық экс-президент Атамбаев пен өзге саясаткерлерді босатып алды


Өткен түнде Қырғызстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ғимаратын басып алған демонстранттар елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты босатып алды.

Биыл 23 маусымда Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев қылмыс әлемінің авторитеті Азиз Батукаевты заңсыз бостандыққа шығарды деген айыппен 11 жыл 2 айға сотталған. Бұдан бөлек ол II дәрежелі "Данакер", "Манас" ордені мен "Даңқ" медалінен айырылған.

2019 жылғы Кой-Таш оқиғасына байланысты Атамбаевтың өзіне және жақтастарына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

2018 жылы 11 жылға сотталған экс-депутат Садыр Жапаров та демонстранттар тарапынан бостандыққа шықты.

Саясаткер бірден алаңға барып, митингке қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол өзін босатқандарға алғысын жеткізді.

"Мен үш жарым жыл түрмеде отырдым. Сіздердің арқаңызда бостандыққа шықтым. Біз бір нәрсені еске сақтайық: қырғызбыз ба, орыспыз ба, өзбекпіз бе, бәріміз бір елде тұрып жатырмыз! Бәрін заң аясында шешейік. Қазір тарауымыз керек. Күшпен ештеңе шешпейміз. Бәрібір заңсыз болады", - деді экс-депутат.

Сонымен бірге Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты халық босатып алды.

Оның адвокаты Замир Жоошевтің сөзінше, оны саясаткердің жақтастары босатып алған.

"Заңға сәйкес, жақын уақытта сот Сапар Исаков пен Алмазбек Атамбаевтың істерін қайта қарап, оларды ақтауы тиіс. Бәрі заң аясында болуы тиіс", - деді заңгер.

Тағы бір экс-депутат Равшан Жээнбековтің босатылғаны жөнінде ұлы Азат Twitter парақшасына жазды.

XS
SM
MD
LG