Ссылки доступа

Қырғызстан саяси партияларының үйлестіру кеңесі: заң үстемдігі қайта орнауы тиіс


Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау нәтижесімен келіспеген Қырғызстан саяси партияларының үйлестіру кеңесі мәлімдеме таратты.

"Бутун Кыргызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаровтың айтуынша, үйлестіру кеңесін парламент сайлауымен келіспеген партиялар құрды.

"Келіссөздер нәтижесінде үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес қазіргі жағдайға баға беріп, қиындықтан шығу жолдарын анықтайды. Көше демократиясын тоқтату керек. Заңды парламент әлі бар, сол себепті Жогорку Кенеш қайта жиналып, басшысын ауыстырып, үкіметті таратып, халық сенімінен шығатын үкіметті бекітуі керек. Сол кезде біз заң үстемдігін қайта орнатамыз", - деді Мадумаров.

Саясаткердің айтуынша, үйлестіру кеңесі басқа да саяси күштермен жұмыс істеуге әзір.

Кездесуге "Республика" партиясының бұрынғы жетекшісі Омурбек Бабанов, "Ата Мекен" өкілі Жанарбек Акаев, "Замандаш" жетекшісі Жениш Молдокматов, "Бир бола" жетекшісі Алтынбек Сулайманов, "Реформа" партиясының өкілі, қамаудан босатылған саясаткер Равшан Жеенбеков және экс-премьер-министр Сапар Исаков қатысты.

Еске салайық, 5 қазанда Бішкекте "Ала-Тоо" алаңында парламент сайлауы нәтижесімен келіспегендер митингке шықты. Олар 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесін жойып, қайта сайлау ұйымдастыруды талап етті.

Кешке қарай митингке қатысушылар "Ақ үйдің" қақпасын бұза бастады. Атыс болды. Милиция митингті арнайы құралдармен таратуға тырысты. 6 қазанда түнде митингке қатысушылар "Ақ үйді", Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратын алды.

Ел президенті Сооронбай Жээнбеков осыған орай мәлімдеме жасап, "түнде жекелеген саяси күштер билікті заңсыз басып алуға тырысты" деді.

Жогорку Кенештің VI шақырылымындағы депутаттары бүгін, 6 қазанда кезектен тыс жиналыс өткізеді. Мәліметті ҚСДП фракциясының депутаты Абдывахап Нурбаев Азаттыкқа растады.

XS
SM
MD
LG