1 қазанда мемлекет басшысы Рудаки ауданындағы 100 адамға арналған тігін цехының ашылуына қатысқан. Президенттің баспасөз қызметі Рахмон тігіншілер киімімен, тігін тігіп отырған әйелдермен кездесіп жатқан суреттерді жариялаған.
"Аудандық әкімдік қызметкерлері мамлекет басшыға аймақтағы қыздар мен әйелдердің қысқа курста оқытылып, жұмыспен қамтылғанын айтты. Қазір цехта мектеп формасы, балалар мен қыздардың киімдері, медициналық халаттар және көйлектер тігіледі", - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бірақ 2 қазанда Рудаки ауданына барған Озоди радиосының тілшілері тігін цехы жабылып, залдың бос тұрғанының куәсі болған. Олармен анонимді түрде сөйлескен жергілікті тұрғындардың бірі ешқандай қысқа курстар болмағанын, қыз-келіншектердің уақытша тігін машиналарының алдында уақытша отырғанын айтты.
"Тігін цехының ашылуына төрт күн қалғанда, аудандық әкімдіктен телефон шалып, ұлттық киімдерді дайындап қоюым керек деді. Ашылуы болатын күні бізді арнайы киіммен тігін машиналарының алдында уақытша отыруымызды өтінді. Мен тігінші болғандықтан, осы жерде істеймін деп қуанып кеттім. Бірақ президент кеткеннен кейін, ғимаратты тазалап, бізді үйге қайтарып жіберді", - деді ол.
Цехтың ашылуында президент жанында жүрген әкімдіктің Әйелдер ісі бөлімінің басшысы Муслима Саидмуродова тігін цехын жергілікті кәсіпкерлер ашып, ол 50 адамның жұмыс істеуіне лайықталғанын айтты.
"Әйелдер қатты шаршап, салтанатты ашылудан кейін үйіне қайтты. Тігін машиналары басқа кәсіпкерге тиесілі болғандықтан, ол алып кетті. Жұмысшылар енді өз машиналарын алып келіп істейді", - деді ол.
Саидмуродова қазір цехтың қашан ашылатыны белгісіз екенін, онда маска тігу жоспарланып жатқанын айтты.