Ссылки доступа

Қырғыз парламентінің спикері отставкаға кетті, депутаттар премьерлікке Садыр Жапаровты ұсынды


6 қазанда Бішкектегі "Достук" қонақ үйіндегі конференция залына жиналған Жогорку Кеңештің бірнеше депутаты Садыр Жапаровтың кандидатурасын үкімет басшысы ретінде ұсынды.

Осының алдында парламент спикері, "Кыргызстан" фракциясының мүшесі Дастан Жумабеков өз арызының негізінде төрағалық қызметтен кеткен.

Оның орнына Мыктыбек Абдылдаев төраға болып сайланды. Жаңа төраға Абдылдаев депутаттарды үкімет басшы Кубатбек Бороновтың қызметтен кету туралы арызымен таныстырды. Депутаттар ашық дауыс берумен Жапаровтың кандидатурасын премьер-министр ретінде ұсынды.

Жаңа спикер журналистерге берген сұқбатында, үкімет басшысына үміткер өзінің бағдарламасын, үкімет құрамын және құрылымын парламентке ұсынады.

Жиынға 64 депутат қатысқаны айтылды. Іс жүзінде қанша депутат қатысып, дауыс бергені белгісіз.

Парламент сайлауының нәтижесіне қарсы шыққан саяси партиялардың үміткерлері 5 қазанда митингке шығып, 6 қазанға қараған түні Ақ үйді, Жогорку Кеңеш ғимаратын, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетін басып алып, қамаудағы саясаткерлерді босатқан.

6 қазанда саяси партиялардың Координациялық кеңесі құрылған.

XS
SM
MD
LG