Ссылки доступа

Қырғызстанда бірнеше тау кені басып алынды


Талас облысы Бекмолдо ауылындағы Жерүй алтын кені өртеніп, таланып жатыр. Осылай деп ауыл әкімі Кубаныч Каныбеков Азаттықтың қырғыз қызметіне хабарлады.

Оның айтуынша, 6 қазанда күндіз белгісіз біреулер кенде жұмыс істеп жатқан 200-ден астам адамды ұстап, қамап қойған. Олар кен ғимаратына өрт қойған. Кеңселер өртеніп жатыр.

Осы кезде "Кыргызкөмүр" мемлекеттік компаниясы 6 қазанда түстен кейін Нарын облысының Жумгал ауданындағы Кара-Кече көмір кенін бір топ адам басып алғанын мәлімдеді. Компания мәліметінше, кенді басып алуды "Саяк" деген атпен танымал қылмыс әлемінің белсендісі Кадыркулов ұйымдастырған деген мәлімет тарап жатыр.

Компания мәліметіне қарағанда, басып алғандар кассадағы жарты миллион сомнан астам қаржыны тартып алған. "Кыргызкөмүр" қазір кенге көптеген көліктер құжатсыз кіріп, көмір тасып әкетіп жатқанын, бұл жағдай 2020-2021 жылдағы жылу беру маусымына кері әсерін тигізетіні мүмкін екенін ескертті.

6 қазанда Жалал-Абад облысының Ала-Бука ауданындағы "Full Gold Mining" алтын компаниясы да уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы үкіметті ауылдағы өкілі міндетін атқарушы Бектур Сагынбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, компанияға бірнеше адам барып, жұмысты тоқтатуды талап еткен.

Осыған дейін Чаткал ауданының Терек-Сай ауылындағы алтын кенін жүргізіп жатқан түркиялық компания да жергілікті тұрғындардың талабымен кен қазу ісін тоқтатқаны мәлім болған.

Kaktus.media басылымы Кант қаласында жергілікті тұрғындар ондағы техниканың барын өртеп тастағанын хабарлады. Мәліметке қарағанда, ол жерден ондаған адам жұмыспен қамтылып келген.

6 қазанда түстен кейін белгісіз адамдар Кара-Балта қаласындағы алтынды басқа қосындылардан тазалайтын елдегі жалғыз зауытты басып алған. Бұл туралы 24.kg сайты "Кыргызалтын" мемлекеттік компаниясына сілтеме жасап хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, зауытқа кіріп барған ондаған адамның қандай талап қойғаны және қайсы партия өкілі екені белгісіз.

Парламент сайлауының нәтижесіне қарсы шыққан саяси партиялардың үміткерлері 5 қазанда митингке шығып, 6 қазанға қараған түні Ақ үйді, Жогорку Кеңеш ғимаратын, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетін басып алып, қамаудағы саясаткерлерді босатқан.

6 қазанда саяси партиялардың Координациялық кеңесі құрылған.

XS
SM
MD
LG