Ссылки доступа

Бішкектегі митингіге қатысушылар "кәрі саясаткерлерді" билікке жібермеуді талап етті


Бішкекте 7 қазанда таңертең Үкімет үйі алдындағы алаңда митинг өтті. Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жиналғандар "кәрі саясаткерлерді" билікке жібермеуді талап етті. Атап айтқанда, олар бұрынғы депутат Садыр Жапаровтың премьер-министр қызметіне тағайындалуына қарсы.

Митингіде уақытша үкіметті Тілек Токтогазиев басқарсын деген ұсыныс айтылды. Токтогазиев - жас кәсіпкер, "Ата Мекен" партиясы атынан парламент сайлауына қатысқан.

Акцияға қатысушылардың мәлімдеуінше, олар жастар атанын сөйлейді және люстрация талап етеді.

Азаттык радиосы тілшісінің хабарлауынша, бұның алдында үкімет үйіне саясаткерлер Камчыбек Ташиев пен Садыр Жапаров, сонымен бірге "Чон казат" партиясының өкілдері кірген.

Алтыншы қазанда Жогорку Кенеш депутаттарының тобы кезектен тыс жиналыс өткізіп, премьер-министр Кубатбек Боронов қызметтен алынғанын хабарлады, одан соң депутаттар бұл қызметке Садыр Жапаровты ұсынған. 6 қазанда түнде Жапаров колониядан босатылды. Оның премьерлікке ұсынылуын көпшілік қолдап отырған жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Бішкекте 6 қазанға қараған түні болған қақтығыстан 768 адам зардап шекті, жеті адам жансақтау бөлімінде жатыр. 2001 жылы туған бір жігіт қаза тапты.

5 қазанда түнде наразы топ Ақ үй ғимаратын басып алды. Олар Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты, экс-депутат Садыр Жапаровты және басқа да шенеуніктерді қамаудан босатты.

XS
SM
MD
LG