Ссылки доступа

Қазақстан және Өзбекстан президенттері Қырғызстандағы жағдайды талқылады


Қазақстан және Өзбекстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзияев 7 қазанда телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстандағы жағдайды талқылады.

Қазақстан президентінің ресми сайтында хабарланғандай, Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Қырғызстандағы ахуал елдің Конституциясы мен заңнамалық нормаларына сәйкес тезірек тұрақтанатынына сенім білдірген.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде Қазақстанның бауырлас қырғыз елімен одақтастық байланыстарды және стратегиялық серіктестікті нығайтуға ерекше мән беріп отырғанын айтқан.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Қырғызстандағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. "Өзбекстан Қырғызстанда болып жатқан жағдайға қатты алаңдайды. Өзбекстан ең жақын көрші әрі стратегиялық әріптес ретінде бауырлас қырғыз елде конституциялық және ұлттық заңдарына сәйкес жағдай тұрақталады деп сенеміз", – делінген мәлімдемеде.

Ресей президенті Владимир Путин де "Россия 1" телеканалына берген сұқбатында Қырғызстандағы жағдайға алаңдаушылығын жеткізген.

"Кеше ғана парламент сайлауы өтті. Айтпақшы бұл сайлауды, халықаралық бақылаушылар ғана емес, ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары да мойындап, демократиялық талаптарға сәйкес өтті деді. Бірақ соған қарамастан болып жатқан жағдай бізді алаңдатады. Бәрі бейбіт түрде аяқталады, демократиялық саяси процесс қалпына келеді деген үміттеміз", – деді Ресей лидері.

Владимир Путин сөзінде жанжалдасып жатқан тараптың бәрімен байланыста екенін жеткізді. "Қырғызстанда ішкі саяси жағдай қалпына келгеннен кейін, ондағы жоспарымызды жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Еуразия экономикалық одаққа мүше. Біз Қырғызстанға жеткілікті деңгейде несие беріп, көмек көрсетіп келе жатырмыз", – деді Ресей президенті.

5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жаппай наразылық шарасы басталды. Парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялардың лидерлері мен жақтастары митингке шықты. Олар әкімшілік ғимараттарды басып алып, түрмеде отырған бірқатар саясаткерлерді босатты. 6 қазанда Орталық сайлак комиссиясы сайлау нәтижесінің күшін жойды.

XS
SM
MD
LG