Ссылки доступа

Қырғызстанда саяси дағдарыс жалғасып жатыр (видео)


Қырғызстанда 4 қазанда парламент сайлауы өткеннен кейін басталған жаппай наразылық шарасы әлі жалғасып жатыр. Дәл қазір президенттің қайда екенін, үкімет басшысы кім екенін, күш құрылымдарын кім басқарып отырғанын ешкім білмейді.

Бішкекте билік құрылымына балама ретінде бірнеше үйлестіру кеңесі құрылды. Жаппай митинг жалғасып жатыр, бірнеше өндірістік және сауда кәсіпорындары басып алынды.

Парламент сайлауының нәтижесі ресми жойылды. Түрмеде отырған елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастары босатылды. Өткен шақырылымдағы бірқатар парламент депутаттары елдің жаңа премьері ретінде оппозициялық саясаткер Садыр Жапаровты атады. Бірақ бұл шешіммен өзге оппозициялық күштер келіспей жатыр.

Жапаровтың қарсыластары өздерінің үйлестіру кеңесін құрды. Оған бірнеше партия өкілдері кірді. Бұдан бөлек тағы бір үйлестіру кеңесі құрылғаны белгілі болды.

7 қазанда Бішкек орталығында митинг болды. Онда Жапаровтың тағайындалуына қарсы мәлімдеме жасалды.

Ал президент Сооронбай Жээнбековтің қайда екенін ешкім білмейді. Оның баспасөз хатшысы Толғанай Стамалиева оны Бішкекте дейді.

Президент тікелей эфирден сөйлеп, ешқайда кетпегенін, заңды президент екенін жариялады.

"Президент ретінде барлық күшімді дағдарысты шешуге жұмсаймын. Қазір әртүрлі саяси күштермен келіссөз жүргізіп жатырмын. Құрметті саяси күштердің жетекшілері, президент ретінде саяси дағдарыстан шығу үшін қолымнан келгенін жасаймын. Әлі бірде бір тарап ортақ пікірге келетін алаң ұсынбады",- деді Жээнбеков.

Мемлекет басшысы қазір барлық саясаткерлердің түрмеден шығуын заңдастыру керек екенін, ол үшін парламент арнайы қаулы енгізіп, бұл қаулыға президент қол қоюы қажет екенін айтты. Жээнбеков саяси күштер тарапынан нақты іс-әрекет күтетінін жеткізді.

Қазір Бішкектегі тәртіпті еріктілер күзетіп тұр.

5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жаппай наразылық шарасы басталды. Парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялардың лидерлері мен жақтастары митингке шықты. Олар әкімшілік ғимараттарды басып алып, түрмеде отырған бірқатар саясаткерлерді босатты. 6 қазанда Орталық сайлак комиссиясы сайлау нәтижесінің күшін жойды.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 700 адам жараланып, біреуі қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG