Ссылки доступа

Қырғыз депутаттары жиналыс өткізу үшін кворум жинай алмады


Бір топ Жогорку Кеңештің депутаттары 7 қазанда Бішкектегі қонай үйлердің бірінде жиналды. Депутат Рыскелді Момбековтің хабарлауынша, жиналысқа 40 депутат қатысқан.

Оның айтуынша, кворум жинай алмағандықтан, жиналыс өткізе алмай, елдегі жағдайға ортақ пікір білдіре алмаған.

Жиналыста парламенттің кезектен тыс жалпы отырысына шақыру, премьер-министр кандидатурасын ұсыну және президентке импичмент жариялау мәселесі қаралған. Бірақ қатысушылар ортақ пікірге келе алмаған.

Момбеков бірқатар депутаттар жеке бастары үшін қорқып, енді бірі жеке мүдделері үшін келмеді дейді.

Тағы бір топ депутаттар Мыктыбек Абдылдаевты парламент спикері ретінде тағайындаған. Оның өзі бір-екі күн ішінде парламенттің кезектен тыс отырысы өтеді деді.

Депутат Эльвира Сурабалдиеваның сөзінше, жиналысқа қатысқан Абдылдаев президентке импичмент жариялауды қолдамаған.

Мыктыбек Абдылдаев мұны талқылау үшін, алдымен күн тәртібіне енгізу керек деді.

5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жаппай наразылық шарасы басталды. Парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялардың лидерлері мен жақтастары митингке шықты. Олар әкімшілік ғимараттарды басып алып, түрмеде отырған бірқатар саясаткерлерді босатты. 6 қазанда Орталық сайлак комиссиясы сайлау нәтижесінің күшін жойды.

XS
SM
MD
LG