Ссылки доступа

Қырғызстанда бірнеше партия Бабановты премьерлікке ұсынды (видео)


Қырғызстанда "Ата Мекен", "Бир Бол", "Республика" және "Реформа" партиялары бірігетінін мәлімдеп, премьер-министрлікке саясаткер Омурбек Бабановты ұсынды. Олар "Акыркы умут" саяси бірлестігін құратынын хабарлады.

9 қазанда Бішкекте өткен баспасөз жиынында Клара Сооронкулова, Тилек Токтогазиев, Жанар Акаев, Айжан Чыныбаева және Омурбек Бабанов партияның мәлімдемелерін оқып берді.

Олар премьер-министрдің орынбасары қызметіне Тилек Токтогазиевті ұсынды.

Жиын кезінде саяси партия өкілдері бұған дейін өзін елдің премьер-министрі ретінде жариялаған Садыр Жапаровтың әрекетін заңсыз деп атады.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.

Президент Сооронбай Жээнбеков "саяси күштердің билікті басып алуға әрекеттенгенін" айтып, елдің легитимді президенті болып қалатынын мәлімдеді. Ол бұған дейін саяси күштермен келіссөз жүргізуге дайын екенін де жеткізген.

8 қазан кешке ол "мемлекет құқық аясына оралғаннан кейін президент қызметінен кетуге дайын екенін" мәлімдеді.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Өмірбек Бабанов 2017 жылы президент сайлауына қатысып, дауыс саны жағынан екінші орын алған. Сайлаудан кейін Қырғызстаннан кетіп, саяси қызметін доғаратынын мәлімдеген. Былтыр қыркүйек айында Бішкекке оралған. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша, Бабанов Қырғызстандағы ең бай адамдардың қатарына кіреді.

XS
SM
MD
LG