Ссылки доступа

Мамандар Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық шығынын 8 млрд сомға бағалады


5 қазаннан кейінгі саяси тұрақсыздықтан көптеген шетел инвесторының қызметі тоқтап қалды, соның салдарынан тау-кен кәсіпорындары шығынға ұшырады. Бұл туралы Ұлттық бизнес-қауымдастық альянсының үндеуінде айтылған.

Бішкек қаласында және республиканың барлық өңірлерінде кәсіпкерлер шығын санап отыр.

"Қырғызстан нарығына кіргісі келетін шетел инвесторларымен келіссөздер үзілді. Алдын ала есеп бойынша, шамамен 210 млн доллардың жиырма шақты келісім-шарты жүзеге аспай қалды. Саяси тұрақсыздық салдарынан миллиардтаған сом пайда түспей қалғандықтан, жұмыссыздық көбейіп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қиындауы мүмкін" делінген үндеуде.

Альянстың алдын ала есебі бойынша, саяси дағдарыстан 8 млрд сом немесе шамамен 104 млн доллар шығын болды.

Ұлттық альянсы барлық саяси күштерді заң тәртібіне бағынуға шақырды.

4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесіне келіспегендер 5 қазанда Бішкектегі орталық алаңда митинг өткізді. Олар 6 қазанға қараған түні ҰҚМК мен "Ақ үй" ғимаратын басып алды.

Бұған қоса бірнеше саясаткер мен бұрынғы шенеунік босап шықты. Олардың арасында 10 қазанда Жогору Кенеш премьер қызметіне бекіткен ​Садыр Жапаров та бар.

XS
SM
MD
LG