Ссылки доступа

Эмомали Рахмон Тәжікстанды тағы жеті жыл басқарады (видео)


Эмомали Рахмон

Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы қазіргі президент Эмомали Рахмонның президент сайлауында жеңгенін хабарлады. ОСК мәліметінше, ол 90,91 пайыз дауыс жинаған.

Тәжікстан ОСК төрағасы Бахтиер Худоерзода​ 12 қазан Душанбеде өткен баспасөз мәслихаты кезінде сайлауға сайлаушылардың 85,4 пайызы немесе дауыс беруге құқығы бар 4,2 млн адам қатысқанын хабарлады. Худоерзода сайлауда өрескел заңбұзушылықтар болмағанын атап өтті.

Парламенттегі билікшіл партиядан шыққан төрт танымал емес кандидат ОСК мәліметінше, бір мен үш пайыз аралығында дауыс жинаған: Рустам Рахматзода (2,15%), Рустам Латифзода (3,03 %), Миродж Абдуллоев (1,17%) және Абдухалим Гаффоров (1,49 %).

Комиссия өкілдері сайлаудың түпкілікті қорытындысы осы аптада жарияланатынын мәлімдеді. Тәжікстанда әдетте оның алдын ала қорытындыдан көп айырмашылығы болмайды.

Елді 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан 68 жастағы Рахмон осыған дейін төрт рет сайлауға түсіп, төртеуінде де жеңімпаз атанған. Бірақ батыс бақылаушылары бірде-бірін әділ әрі ашық өтпеді деп мойындамаған.

Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы осыған дейін президент сайлауына қатысқысы келген екі тәуелсіз кандидатты тіркеуден бас тартқан.

Рахмонның ең ықпалды саяси қарсыласы – "Тәжікстанның Ислам жаңғырту партиясы". Жоғарғы сот 2015 жылы ұйымды "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Көптеген партия жетекшілері мен мүшелері түрмеге қамалған, кейбірі елден қашып кеткен.

Тәжікстанда қызметіне тыйым салынған "Группа 24" оппозициялық тобы осыған дейін үкіметті тәуелсіз кандидаттарды тіркемеді, сайлауда шынайы бәсеке жоқ және оның нәтижесі қазірден белгілі деп өткір сынаған.

Шетелде құрылған оппозициялық ұлттық альянс өкілдері де президент сайлауын заңсыз деп атап, халықаралық ұйымдарды оның нәтижесін мойындамауға шақырған.

Ал билік сайлаудың заңды өткенін үнемі айтып келеді.

XS
SM
MD
LG