Ссылки доступа

Минскідегі наразылықты күшпен таратты: ондаған адам жараланды, 500 адам ұсталды (видео)


Минск, 11 октября
Минск, 11 октября

11 қазанда Беларусьте өткен наразылық акциялары кезінде 586 адам ұсталды. Олардың арасында 40-тан астам журналист пен фототілші бар. Бұл туралы "Весна" адам құқықтарын қорғау орталығы хабарлады.

Минск қаласында әр жексенбіде өтетін оппозиция шеруі бұл жолы "Намыс маршы" деп аталды. Билік алаңға шыққандарға қарсы водомёт, жарық шашатын және шулы жарылғыштар, көзден жас ағызатын газ және тоқпақ пайдаланды. Наразы топ милиция мен арнайы жасаққа тас пен шөлмек лақтырды. "Настоящее время" телеарнасы акцияны тікелей эфирде көрсетті.

Куәгерлер ондаған адам зардап шеккенін хабарлаған.

Екі айдан бері алғаш рет милиция жексенбілік шеруге қарсы қатаң шара қолданды. Әлеуметтік желілерде, тәуелсіз басылымдарда арнайы жасақтың аясыз әрекетінен хабар беретін суреттер мен видеолар тарады.

Билік Минск қана емес, Брест, Витебск, Могилев, Гродно, Молодечно, Жлобин, Кобрин және Бобруйск қалаларындағы наразылық акцияларын күшпен таратты.

Биліктің күш көрсетуіне қарамастан, мыңдаған адам қаланы шерулетіп өтті. Минск орталығы жексенбі күндері жабық тұрады. Осы жолғы акцияға қанша адам шыққаны туралы мәлімет әлі берілмеді.

Сенбі күні Минск қаласында "Саяси қуғындауға қарсы гүл ұстаған әйелдер шеруі" акциясы өтті. Оған жүздеген әйел қатысты. Гүл ұстаған қыздар Тәуелсіздік алаңымен жүріп өтті.

Беларусьте наразылық акциялары 9 тамызда өткен президент сайлауынан соң басталды. ОСК Александр Лукашенконы жеңімпаз деп жариялады, оппозиция ресми мәліметті мойындамады.

XS
SM
MD
LG