Ссылки доступа

Тоқаев: Жээнбеков - Қырғызстанның легитимді президенті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында "Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанның легитимді президенті" деп жазып, оның "елдегі жағдайды реттеу үшін жасап жатқан әрекеттеріне қолдау білдірді".

Тоқаев твитінде "Президент Жээнбеков мемлекеттің легитимді президенті саналады, сондықтан оның жанжалды тоқтату үшін және елдегі жағдайды реттеу үшін жасап жатқан әрекеттерін қолдаймын.

Қазақстан үшін Қырғызстан стратегиялық серіктес және одақтас, сондықтан бұл елдің тұрақтылығы маңызды. Қырғызстандағы жағдайдың конституциялық негізге оралғанын қолдаймын, біздің ел жанжал басталғанда барлық саяси күшті мәселені конституциялық негізде шешуге шақырған" деп жазды.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси күштер Бішкектегі "Ала-Тоо" алаңында наразылық акциясын бастаған. Наразылар парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен. Парламентке өтпей қалған оппозиция жеңіске жеткен партияларды "әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауысты сатып алды" деп айыптаған.

6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.

Сол күні наразылар түрмеде отырған бірнеше саясаткерді қамаудан шығарып алды. Олардың арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, экс-депутат Садыр Жапаров та болды.

10 қазанда Жапаров премьер-министр қызметіне бекітілген. Кейбір депутаттар оның қызметке тағайындалуының легитимдігіне күмән келтіреді.

Қырғызстанда саяси күштер дағдарыстан шығу жолдарын әлі талқылап жатыр. 9 қазанға қараған түні Сооронбай Жээнбеков "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.

Бұған дейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі "БҰҰ Жээнбековті Қырғызстанның легитимді президенті деп санайды" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG