Ссылки доступа

Өзбекстан көп жыл үзілістен кейін Тәжікстан солтүстігіне қайта табиғи газ бере бастайды


Өзбекстан көп жыл үзілістен кейін Тәжікстан солтүстігіне қайтадан табиғи газ беретін болды. Тәжікстанның "Сомон-Сугд-Газ" компаниясы қараша айынан бастап өзбек газын аламыз деп мәлімдеді.

Қазір кәсіпорынның 15 маманы Худжандта газ құбырларын жөндеп жатыр.

"Табиғи газ алдымен өндірістік кәсіпорындарға беріледі, сосын жеке үйлер мен тұрғын үйлерге жеткіземіз. Мамандар тұрғын үйлердің бәрін аралап, газ құбырларын тексереді. Бұзылған құбырларды жөндейді. Сосын жаңа жылға қарай Худжандтан басқа Бустон, Гулистон және Гафуров қалаларына газ кіреді", - деді "Сомон-Сугд-Газ" компаниясының басшысы Абдулхаким Суфиев.

Бірқатар тұрғындар бұл уақытта газ плиталарын жойып, құбырларын кесіп тастаған екен. Енді оларды қайта қалпына келтіруге қаражат керек деп отыр.

"Сомон-Сугд-Газ" компаниясының мамандары тұрғындардың көбі сұйылтылған газ қолдануға мәжбүр дейді. Оның бағасы табиғи газдан бірнеше есе қымбатқа түседі.

"Қазір тұрғындар сұйылтылған газдың бір литрі үшін 4 сомони төлейді. Әрбір үйге табиғи газ кірген кезде, екі есе арзан болады", - дейді мамандар.

Өзбекстан Тәжікстанға табиғи газ беруді 2012 жылы тоқтатқан. Соңғы рет Тәжікстан 2011 жылдың аяғында текше метрін 370 доллардан сатып алған.

2018 жылдың көктемінде Өзбекстан Тәжікстанның оңтүстігіне газ беруді қайта қалпына келтірген.

Тәжікстан 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында 144 млн текше метр өзбек газын импорттаған. Мұның бағасы 17 млн долларды құраған.

XS
SM
MD
LG