Ссылки доступа

Қырғызстан парламентінің спикері болып Қанат Исаев сайланды


Қырғызстанда Жогорку Кеңеш спикері болып "Қырғызстан" фракциясының лидері Қанат Исаев сайланды. 13 қазанда "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясында өткен жалпы отырыста осындай шешім қабылданды.

Жалпы отырысқа 62 депутат қатысқаны хабарланған. Тағы 12 депутат өзінің атынан дауыс беруге сенім білдірген екен. Дауыс беру нәтижесінде 80 бюллетень қолданылған. Исаевтың спикер болуын қолдап 78 депутат, қарсы екі депутат дауыс берген.

Қанат Исаев алда өтетін парламент сайлауына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Оның пікірінше, президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетуі тиіс емес.

"Президент орнында қалуы тиіс, қазір жағдай қиын. Көбі спикер президент міндетін атқара алады дейді. Бірақ толық орнын баса алмайды. Президенттен кетпеуін сұрауымыз керек. Бізге тұрақтылық орнатуымыз керек", – деді ол.

Осының алдында бір топ депутаттар спикер етіп тағайындаған Мыктыбек Абдылдаев 10 қазанда бұл қызметтен бас тартатынын мәлімдеген.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси күштер Бішкектегі "Ала-Тоо" алаңында наразылық акциясын бастаған. Наразылар парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен. Парламентке өтпей қалған оппозиция жеңіске жеткен партияларды "әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауысты сатып алды" деп айыптаған.

6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.

Сол күні наразылар түрмеде отырған бірнеше саясаткерді қамаудан шығарып алды. Олардың арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, экс-депутат Садыр Жапаров та болды.

10 қазанда Жапаров премьер-министр қызметіне бекітілген. Кейбір депутаттар оның қызметке тағайындалуының легитимдігіне күмән келтіреді.

Қырғызстанда саяси күштер дағдарыстан шығу жолдарын әлі талқылап жатыр. 9 қазанға қараған түні Сооронбай Жээнбеков "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.

Бұған дейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі "БҰҰ Жээнбековті Қырғызстанның легитимді президенті деп санайды" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG