Ссылки доступа

Қызыл Крест Армения мен Әзербайжанды тұтқындар мен мәйіттерді алмасуға шақырды


Халықаралық Қызыл Крест комитеті (ХҚКК) Армения мен Әзербайжанды Таулы Қарабақ қақтығысынан қайтыс болғандардың денесі мен тұтқындарды алмасу бойынша жұмысты аяқтауға шақырды деп жазады Reuters.

"Қазір бұл мәселені ашық талқылап жатырмыз. Әзірге ешқандай шешімге келген жоқпыз", – деді ХҚКК Еуразия бойынша аймақтық директоры Мартин Шуэпп.

Оның сөзінше, Әзербайжанмен де, Армениямен де келіссөздер жүріп жатыр.

Армения мен Әзербайжан 10 қазаннан бастап Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату жөнінде келісімге келген. Келісімге сәйкес, екі тарап тұтқындар мен мәйттерді алмастыруы керек болған. Бірақ тараптар келіссөзді бұзды деп бірін бірі айыптады.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған. Армения мен Әзербайжан шиеленісті бірінші болып бастады деп айыптайды.

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ дауы Совет Одағы кезінен жалғасып келеді. 1988 жылы басталып, 1994 жылы аяқталған соғыс кезінде 30 мыңға жуық адам қаза тапты, жүздеген мың адам босқынға айналды. Негізінен армяндар тұратын аймақ 1991 жылы Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеді, бірақ әлемнің ешқандай елі оны мойындамады. Халықаралық құқыққа сәйкес, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері.

XS
SM
MD
LG