Ссылки доступа

COVID-2019: Өзбекстан шығарып жатқан "Ремдесивир" дәрісі алдымен "қара базарда" сатыла бастады


Коронавирусты емдеуде ең нәтижелі деп есептелген "Ремдесивир" дәрісі қыркүйектен бастап Өзбекстанда шығарыла бастады.

Әлем нарқында кішкентай сауыты 70-300 доллар тұратын дәрі Өзбекстанда 550 000 сумнан, яғни 50 доллардан сатылады деп бекітілген.

"Ремдесивирді" өндіріп жатқан JURABEK LABORATORIES компаниясы қазір мемлекеттік тапсырысты атқарып жатқанын, жақында препарат дәріханаларда сатылатынын хабарлады. Компания өкілі Азиз Саиповтың айтуынша, тамызда коронавирусты емдеуге арналған дәрілерді шығару үшін жергілікті және шетелдік компаниялар арасында тендер өткізіліп, JURABEK LABORATORIES жеңіп шыққан.

"Ең төменгі бағаны біз ұсындық. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі бізді таңдады. Қазір өндіру барысын айта алмаймын, бұл коммерциялық құпия. Қазан айының соңына дейін министрліктің тапсырысын орындап, қарашадан бастап дәріханаларға жеткізе бастаймыз. Қазір "Ремдесивир" компанияға тиесілі бір дәріханада 550 000 сумнан (53 доллар) сатылып жатыр. Шикізатты Үндістан мен Қытайдан әкеліп жатырмыз", - деді Саипов.

Осы ортада науқастардың туыстары Өзбекстанда өндірілген дәрі "қара базарда" 1-1,8 миллион сумнан (100-175 доллар) сатылып жатыр дейді. Әлеуметтік желі қолданушылары "Ремдесивирдің" бағасы 3 миллион сумға (300 доллар) дейін жеткенін жазып жатыр.

JURABEK LABORATORIES кейбір азаматтар компания дәріханасынан препаратты жалған рецептпен сатып алып, қайта 1,3-1,8 миллион сумнан ($130-$180) 2 миллион сумга дейін ($200) сатып жатқанын айтты.

"Ремдесивир" қазір АҚШ-та, Үндістанда және Пәкістанда өндіріледі. Бұл дәрі Құрама Штаттардағы Gilead Sciences компаниясы тарапынан 2015 жылы жасалып шыққан. Ғаламдық пандемия кезінде бұл препаратты өндіруге Үндістан мен Пәкістандағы бес компания ғана рұқсат алған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясы аяқталғанын жариялағанға дейін бұл компаниялар дәріні өндіріп, әлемнің 127 еліне сата алады.

JURABEK LABORATORIES компаниясы шикізатты алып келуде және дәріні Өзбекстанда сатуда ешқандай заңдық қайшылық жоқ екенін мәлімдеді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар 61 950 адамға жетті. Бірақ тәуелсіз дереккөздер вирус жұқтырғандар әлдеқайда көп дейді.

XS
SM
MD
LG