Ссылки доступа

Тәжікстан ОСК президент сайлауының соңғы нәтижесін жариялады


Тәжікстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 11 қазанда өткен парламент сайлауының соңғы нәтижесін жариялады.

ОСК мәліметінше, сайлауға 4 миллион 238 мың 839 азамат (жалпы сайлаушылардың 85,44%) қатысып, олардың 3 миллион 853 мың 987-сі (90,92%) елді 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмонға дауыс берген.

Бұл сайлауға 68 жастағы Рахмоннан басқа билікшіл партиялардан шыққан, қоғамда белгісіз төрт үміткер - Коммунистік партиядан Абдуллоев Миродж, Социалистік партиядан Гаффорзода Абдухалим, Аграрлық партиядан Латифзода Рустам, Экономикалық реформа партиясынан Рахматзода Рустам қатысқан. Ресми мәлімет бойынша, олар сайлаушылардың 1-3% дауысын алған.

ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылар тобы Тәжікстандағы президент сайлауы "жоғары түрде ұйымдасқан, ұлттық заңдарына және халықаралық талаптарға сәйкес" өткенін мәлімдеді.

ЕҚЫҰ-ның миссиясы сайлау бойынша есебін бір жарым айдың ішінде жариялайтынын айтты.

Тәжікстанда жалғыз оппозициялық партия болып саналатын Тәжікстанның социал-демократиялық партиясы бұл сайлауға бойкот жариялаған. Партия лидері Рахматулло Зоиров ел кімді сайласа да, ОСК өзі таңдап қойған сандарды жариялайтынын айтқан.

Тәжікстан ұлттық альянс жетекшісі Мухиддин Кабири осыған дейін де президент сайлауының заңсыз екенін мәлімдеп келген. "ОСК жариялаған сайлаудың қорытындысы заңсыз ғана емес, демократияға сәйкес келмейді", - деді Кабири.

Оппозициялық "Группа 24" қозғалысы да 11 қазанда өткен президент сайлауының нәтижесін таныған жоқ. Бұл туралы қозғалыс лидері Сухроб Зафар "Озоди" радиосына берген сұқбатында айтқан.

Эмомали Рахмон 1994 жылдан бері өткен сайлаудардың бәрінде жеңіске жеткен. 2016 жылы 4 ақпанда Тәжікстанның Жоғарғы соты Конституцияға енгізілген өзгертулерді заңды деп таныды. Оған сәйкес, президент Эмомали Рахмон сайлауға шексіз қатысуға құқық алған.

XS
SM
MD
LG