Ссылки доступа

Маршал Дустум: Тахир Юлдаштың қызы Бадахшанда содырлар тобын басқарады


Абдул-Рашид Дустум

Ауған маршалы Абдул-Рәшид Дустумның мәлімдеуінше, "Өзбекстан ислам қозғалысының" бұрынғы жетекшісі Тахир Юлдаштың қызы Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Бадахшан провинциясында содырлар тобын басқарады.

Бұл туралы "Озодликтің" Ауғанстандағы тілшісі Алим Кухкан хабарлады.

"Тахир Юлдаштың қызы Мукаррамахон содырлар тобын басқарады. Оларға қолдау көрсетіп жүрген "қожайын" бар", - деп мәлімдеген Дустум.

Абдул-Рәшид Дустум Түркияға, Үндістанға және Өзбекстанға ресми емес сапарынан соң Ауғанстанның солтүстігіне қайтты.

Дустумның мәлімдеуінше, Орталық Азиядан шыққан содырлар Ауғанстанда қоныстанып, "аймақтағы елдерге ықпал жасап отыр".

"Орталық Азия елдерінен шыққан содырлар Ауғанстанның солтүстігіне орнықты. Олар біздің құртып, Орталық Азия елдеріне ықпал жасағысы келеді. Бұны бәрі біледі", - деді ұлты өзбек маршал.

Дегенмен ол содырлар тобына нақты кім қолдау көрсетіп жүргенін айтпады.

Ресми Кабул Абдул-Рәшид Дустумның бұл мәлімдемесіне қатысты әзірге пікір білдірмеді.

Еске салайық, "Өзбекстан ислам қозғалысы" террористік тобының бұрынғы жетекшісі Тахир Юлдаш америкалық қашықтан басқарылатын ұшақ соққысы кезінде қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG