Ссылки доступа

"Тарихта өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді". Жээнбеков биліктен кетті


Сооронбай Жээнбеков.
Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков президенттіктен кетті. Ол отставкаға кететіні жайлы мәлімдемесін 15 қазанда мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.

Жээнбеков үндеуінде "билікке жабысып" отырмайтынын, "Қырғызстан тарихында өз халқына оқ атқан, қан төккен президент ретінде қалғысы келмейтінін, сондықтан отставкаға кетуге шешім қабылдағанын" жазды. Оның сөзінше, "Қырғызстандағы бейбітшілік, тұтастық, халықтың бірлігі мен тыныштығы бәрінен жоғары". Жээнбеков "жаңа үкімет құрамы бекітілсе" де, "Бішкектегі әлеуметтік-саяси жағдай тұрақсыз болып тұрғанын" айтты.

"14 қазанда Жогорку Кеңеш үкімет құрамын бекітті. Мен тағайындаулар туралы тиісті жарлыққа қол қойдым. Бірақ бұл елдегі жағдайды реттеген жоқ. Өкінішке қарай, агрессия басылмады, менің тез арада отставкаға кетуімді талап ету әлі жалғасып жатыр. Қазіргі жағдай екі тараптың қақтығысына жақындады. Бір жағында – наразылар, екінші жақта – құқық қорғау органдары" деп жазылған Жээнбековтің мәлімдемесінде.

Жээнбеков екі тарапты арандауға берілмеуге шақырды.

"Әскерилер мен милициялар мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануы тиіс. Бұл жағдайда қан төгілетіні анық. Мен екі тарапты да арандатуға жол бермеуге шақырамын" деді ол.

Наразылар Жээнбеков кеңсесіне қалай басып кірді?
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

Жээнбеков елдің жаңа тағайындалған премьер-министрі Садыр Жапаровты және басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын Бішкектен әкетіп, ел астанасында тыныш өмірді қалпына келтіруге шақырды.

5 қазаннан бері ел астанасы Бішкекте наразылық шарасы толастамай тұр. Оппозиция мен оның жақтастары 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесіне қарсы шығып, Жээнбековтің отставкасын талап етті. Оппозиция сайлау кезінде билікке жақын партиялар халыққа ақша беріп; даусын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды деді.

Наразылар 6 қазанға ауған түні парламент пен президент отыратын "Ақ үйді" басып алып, түрмеде отырған елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты, экс-депутат Садыр Жапаровты босатып алған. Наразылық күшейген тұста Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауы нәтижесін жойған.

14 қазанда парламент Садыр Жапаровты премьер-министр етіп тағайындады. Билік экс-депутат Жапаровты 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысының әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11,5 жылға түрмеге қамаған еді.

Жээнбеков басында отставкаға кетпейтінін, елдің легитимді президенті екенін айтып келген. Кейін парламент сайлауы өтіп, елдегі жағдай құқықтық арнаға түскен соң ғана биліктен кететінін айтқан.

Бірақ Жапаровтың жақтастары 15 қазанда Бішкекте митинг өткізіп, Жээнбековтің отставкасын талап етті. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Жээнбеков отырған "Ала-Арча" мемлекеттік резиденцияны күштік құрылымдар күзетіп тұр.

Қырғызстан Конституциясы бойынша, егер ел президенті қызметінен мерзімінен бұрын кететін болса, жаңа президент сайланғанша оның міндетін Жогорку Кеңеш (парламент) төрағасы атқарады. Егер парламент спикерінің президент міндетін атқаруы мүмкін болмаса, бұл міндет премьер-министрге көшеді.

Жақында Жогорку кеңештің жаңа спикері болып Канатбек Исаев тағайындалған. Исаев - "Қырғызстан" партиясының лидері. 2015 жылы Жогорку Кеңес депутаты болып сайланған. Оның президент міндетін атқарушы қызметіне ресми түрде кіріскені әлі хабарланған жоқ.

Жээнбеков 2017 жылы 24 қарашада өткен президент сайлауында жеңіске жеткен. Оның президенттік өкілеті 2023 жылы күзде аяқталуы тиіс еді.

Жээнбеков елді Алмазбек Атамбаев басқарып тұрған тұста, 2016 жылдың сәуірінен – 2017 жылдың тамызына дейін премьер-министр болды.

Кейін Атамбаев Жээнбековті ізбасары ретінде президент сайлауында қолдаған. Бірақ артынан екеуінің арасы суып, билік Атамбаевты "қылмыстық топтың басшысы Азиз Батукаевты заңсыз босатты" деп айыптап, 11 жыл 2 айға соттаған еді.

Екі революцияны бастан өткерген Қырғызстан тағы толқыды
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00

XS
SM
MD
LG