Ссылки доступа

Қырғызстанда атышулы шенеунік Тілек Матраимов үйқамаққа ауыстырылды


Кара-Сууй ауданының бұрынғы әкімі Тілек Матраимов тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырылды. Ош облыстық соты осындай шешім шығарды деп хабарлайды Азаттықтың қырғыз қызметі.

6 қазанда Тілек Матраимов Өзбекстанмен шекарадан заңсыз өтті деп айыпталып, ұлы, немере інісі және күзетшісімен бірге ұсталған. 9 қазанда өзбек тарапы Қырғызстанға үш азаматты – Тілек Матраимов (1967 жылы туған), Зиябиддинбек Кочкорбаев (1989 жылы туған) және Махсуд Ахмедовты (1979 жылы туған) өткеріп берген.

Төрт адам ұсталып, неліктен үшеуі ғана қайтарылғаны белгісіз. Қазір оларға қарсы шекарадан заңсыз өтті деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Тілек Матраимов соңғы 8 жыл бойы Кара-Сууй ауданын басқарып келді. Парламент сайлауы алдында ол денсаулығына байланысты демалысқа кететінін жариялаған.

Ол Жогорку Кеңештің қазіргі депутаты Искендер Матраимовтың және Мемлекеттік кеден қызметінің төраға орынбасары болған Райымбек Матраимовтың туған бауыры. Тәуелсіз журналистер олардың миллиондаған долларды қалайша заңсыз шетелге шығарғаны туралы сериалы зерттеу материалын жариялаған.

XS
SM
MD
LG