Ссылки доступа

Тәжік журналисі Мухаммадикболи Садриддин өзіне тағылған "алаяқтық" айыбын теріске шығарады


Мухаммадикболи Садриддин
Мухаммадикболи Садриддин

Тәжікстанда оппозициялық "Ислох.нет" сайтының бас редакторы Мухаммадикболи Садриддинге қарсы "алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы елдің бас прокуратурасы мәлімдеді.

Мекеме мәліметіне қарағанда, қылмыстық іс қозғауға үш азаматтың "журналист 430 мың доллар алып, қайтарып бермей жатқандығы туралы" арызы себеп болған.

"Мухаммадикбол Садриддин 2010 жылы Дубайда үш азаматтан 430 мың доллар алып, ай сайын 10-12% үлеспайда төлеп тұруға уәде берген. Алғашқы екі айда 5-6% төлеп бергеннен кейін бизнесі жүрмей, банкрот болып қалғанын айтқан. 2010 жылы Дубайдан Бішкекке келіп, ол жақтан Еуропаға ұшып кеткен", - дейді бас прокуратура өкілі.

Ол осы іске байланысты журналистке халықааралық іздеу жариялағанын мәлімдеді.

16 қазанда Садриддин "Озоди" радиосына сұқбат беріп, өзіне тағылған айыптаулардың негізсіз екенін жеткізді.

"Маған қарсы қозғалған іс менің саяси кәсібіме байланысты. Арыз жазды дегендердің бірі 2010 жылы қайтыс болып кеткен. Білуімше, екіншісі де Тәжікстаннан кетіп қалған. Керісінше бас прокуратура атап өткен үш адам маған ақша қарыз болды. Мен Дубайда бизнесімді 2010 жылы емес, одан кейінгі жылы бастағам",- деді журналист.

42 жастағы Мухаммадикболи Садриддинге Еуропа елдерінің бірі саяси баспана берген. Ол соңғы үш жылдан бері оппозициялық "Ислох.нет" сайтының бас редакторы болып істейді. Сайтта Тәжікстанның жоғарғы билігіндегі шенеуніктердің коррупциялық істері туралы материалдар жарияланып келеді.

XS
SM
MD
LG