Ссылки доступа

Тәжік сазгері Диловари Зухуриён жол апатынан қаза тапты


Душанбе-Вахдат жолындағы апаттан тәжік сазгері Диловари Зухуриён қаза тапты. Қайғылы оқиға дүйсенбіге қараған түні Чиртак ауылына жақын маңда болған.

46 жастағы Диловари Зухуриён жеңіл автокөлігімен жолдың келесі бетіне шығып кетіп, жүк көлігімен соғысқан. Жеңіл көлікте болған тағы бір жолаушы сол жерде қайтыс болды. Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шекпеді, деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Тәжік ақыны Шоираи Рахимджонның хабарлауынша, сазгерді бүгін Даңғара ауданында соңғы сапарға шығарып салады. Дереккөз мәліметіне қарағанда, марқұм бір күн бұрын екінші мәрте үйленген.

Диловари Зухуриён 2000-жылдардың басында тәжік эстрадасының жұлдыздарына бірнеше ән жазып, көпшілікке танылды. Оның әндерін Манижа Давлатова, Садриддин Наджмиддин, Сироджиддин Фозил және басқа да эстрада әншілері орындайды. Диловари Зухуриён 500-ден астам ән жазған.

XS
SM
MD
LG