Ссылки доступа

Тихановская Беларусьте ұлттық ереуілді қолдаушыларға қаржылай көмектесуге уәде берді (видео)


Беларусь президенті қызметінен үміткер болған Светлана Тихановская "халық ультиматумы" орындалмаған жағдайда, ереуілді қолдайтындарға көмектесуге уәде берді. Оның бұл мәлімдемесі телеграм-арнада жарияланды.

Мәлімдемеде "жүйенің ақыры әйтеуір келеді", бірақ "оның әрбір күні Беларусь халқы үшін өте қымбатқа түседі" делінген.

Тихановская ереуілді қолдап, сол үшін "экономикалық қуғынға" ұшырағандарға немесе жұмыстан айрылғандарға оның BySol қоры қаржылай көмек беретінін мәлімдеді. Қорды Беларусь кәсіпкерлері осындай азаматтарға көмек беру үшін құрды. Беларусьте "заң үстемдігі орнағанда", ереуіл кезінде соттау, айыппұл салу туралы шешімдер жойылып, жұмыстан шығарылғандар қайтадан жұмысқа тұрады, қаржы рақымшылығын алады, деп жазды Тихановская. Бұған қоса, ол коммуналдық ақы төлемегені үшін салынған айыппұлдарды жоюға уәде берді.

"26 қазанда жұмысқа шықпаңыз, сабаққа бармаңыз – бұл да ереуіл. Шеруге шығыңыз – бұл да ереуіл. Мекемелеріңіз бен кеңселеріңізді жабыңыз – бұл да ереуіл. Мемлекет қызметтері мен сервистерін тұтынуды доғарыңыз – бұл да ереуіл. Банк есебіңіздегі ақшаларды шешіп алыңыз – бұл да ереуіл. Үндемей қалмаңыз. Түрмеде өмір сүргіңіз келмейтінін айтыңыз", – делінен Тихановская мәлімдемесінде.

"Халық ультиматуының" аяқталуына төрт күн қалды. Тихановская бұл шартты 13 қазанда жариялады. Талапқа сәйкес, 25 қазанға дейін Александр Лукашенко үш шартты орындауы тиіс: қызметтен кету, көшелердегі зорлық-зомбылықты доғару және барлық саяси тұтқынды босату.

Бұның алдында, 20 қазанда, Тихановская күш құрылымдарын 25 қазанға дейін "халық жағына шығуға" үндеді.

XS
SM
MD
LG