Ссылки доступа

Өзбекстанда наразылыққа шыққан жұмысшылардың айлығы беріле бастады


Өзбекстанда Enter Engineering компаниясы құрылыста істеп жатқан жұмысшылары наразылық акциясын өткізгеннен кейін жалақыларын төлеп бере бастады.

21 қазанда Қашқадария облысы Гузор ауданында салынып жатқан нысанның мыңдаған жұмысшысы әкімшілік ғимаратқа барып, наразылық акциясын ұйымдастырған.

Оқиға болған жерде түсірілген видеодан кеңсенің шашылып, компьютерлердің құлап жатқанын көруге болады.

Бірқатар дереккөз жағдайды ретке келтіру үшін Гузор ауданына Ұлттық гвардия мен полиция күштері жөнелтілгенін білдірген.

Аты-жөнін айтқысы келмеген жұмысшылардың бірі Enter Engineering компаниясы 20 қазан күні кешкісін жұмысшыларға тамақ берілмегесін наразылыққа шыққанын жеткізді.

"Тамақ және айлық уақытында берілмегеннен бөлек, карантиндік шектеулер де себеп болды. Коронавирусқа байланысты жұмысшыларды ұзақ уақыт үйіне жібермей, түнде де істетуге мәжбүрлеп келді", - дейді ол.

Өз кезегінде компания өкілі наразылық жұмысшылар асханаға кіретін электрондық басқарудағы есікті аша алмай қойғаннан кейін басталғанын жеткізді.

Өлке бас прокуратурасы бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG