Марқұм Шерафган Хожакуловтың ағасы Жамшед Давлатовтың айтуынша, ол тоғыз айдан бері айлығын ала алмай жүрген.
"Өз өміріне қол салар алдында "сүйегімді әуежайдан алып кетіңдер" деп маған смс жіберіпті. Ол пәтер жалдап тұрады, пәтер иесіне 14 мың сомони (1400 доллар) қарызы бар екен. 26 қазанда пәтер иесі оны үйінен шығарып жіберіпті", - деді Давлатов.
Тәжікстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) 38 жастағы әуежай қызметкерінің өзіне қол жұмсағанын растап, бұл оқиға бойынша тергеу істері жүріп жатқанын мәлімдеді.
Азаттықтың тәжік қызметінің әуежайдағы дереккөзінің хабарлауынша, басшылық кезекті рет айлық беруден бас тартқаннан кейін Хожакулов өзіне оқ атқан.
Жаз кезінде Душанбе халықаралық әуежай қызметкерлері наурыз айынан бері айлық берілмей жатқанын айтып, наразылыққа шыққан. Сол кезде әуежай басшылығы әуе қатынастары тоқтап тұрғаннан кейін, көбі ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілгенін хабарлаған. Әуежайда жалпы 1500-ге тарта адам жұмыс істейді.
Тәжікстанның Еңбек кодексіне сәйкес, уақытында айлық төленбесе, жұмыс берушілерге жауапкершілік қарастырылған.