Ссылки доступа

Қырғызстанның экс-президенті Атамбаев тергеу абақтысында аштық жариялады


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) тергеу абақтысынан Бішкектің №1 тергеу абақтысына ауыстырылды. Бұл туралы 26 қазанда оның адвокаты Замир Жоошев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Атамбаевты 26 қазанда ҰҚМК-ның тергеу абақтысынан бұрынғы өлім жазасына кесілген тұтқындарды қамайтын жертөледегі камераға ауыстырған. Бұған қарсылық ретінде Алмазбек Атамбаев аштық жариялаған. Қазір оның жағдайы нашар дейді адвокаты.

Ақпаратқа қарағанда, бұрынғы президент отырған жертөледе көптен бері ешкім болмағандықтан, жылуды енді ғана берген. Камера есігі ашық, канализациясы жұмыс істемейді.

Бұл мәліметті ресми анықтау үшін Азаттықтың қырғыз қызметі Жазаны атқару бойынша мемлекеттік қызметке қайрылды. Мекеменің баспасөз қызметі бұл туралы хабары жоқ екенін, ақпаратты анықтап жатқанын жеткізді.

Атамбаев қылмыс әлемінің дөкейі Азиз Батукаевтың түрмеден заңсыз босатылуына байланысты 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұдан бөлек ол Кой-Таш оқиғасы бойынша сотталған.

Биыл 6 қазанға қараған түні Атамбаевты жақтастары түрмеден босатып алды. Бірақ арнайы қызмет 9 қазанда Бішкекте өткен митинг кезінде оны қайта ұстап әкетті.

XS
SM
MD
LG