Ссылки доступа

Қырғызстанның бұрынғы премьері Сапар Исаковқа мемлекет аралық іздеу жарияланды


Бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковқа мемлекет аралық іздеу жарияланды. Бұл туралы Жазаны атқару жөніндегі мемлекеттік қызмет хабарлады.

Мекеме осыған дейін Исаковтың демалысы 12 қазанда аяқталғанын, бірақ ол түзету абақтысына қайтып келмегенін хабарлаған. Бұл факт Қылмыстардың және теріс қылықтардың біріңғай реестріне "Жазадан қашу" бабы бойынша тіркелген.

2020 жылы маусымда Бішкектің Бірінші май аудандық соты Исаковты 18 жылға бас бостандығынан айырған. Ол Тарих музейін қайта қалпына келтіруде және Чолпон-Ата қаласында ипподром салуда коррупциямен айыпталған. 2019 жылы ол Бішкек Жылу электр орталығын модернизациялаудағы коррупция ісі бойынша 15 жылға сотталған.

Жазаны атқару қызметі бұдан бөлек коррупция айыбымен 15 жылға сотталған Бішкектің бұрынғы мэрі Албек Ибраимовтың да ізделіп жатқанын жеткізді.

4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен митинг Сооронбай Жээнбеков билігінің кетуімен аяқталды. Сол кезде бұрынғы шенеуніктер, оның ішінде Сапар Исаков пен Албек Ибраимов та түрмеден босатылған еді.

XS
SM
MD
LG