Ссылки доступа

Митинг қарсаңында Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше белсендінің үйін тінтті (видео)


27 қазан күні кешке қарай Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше азаматтық белсендінің үйіне тінту жүргізді. Белсенділер мұны 31 қазанға белгіленген саяси реформа мен саяси-қуғын сүргінді тоқтатуды талап ететін митинг алдындағы қысым деп санайды.

Қазақстанның әр қаласындағы белсенділер мен құқық қорғаушылар 31 қазанда митинг өткізуді жоспарлайды.

Азаматтық белсенді Серік Жахиннің Азаттыққа айтуынша, полиция үйін 27 қазан кешкі сағат 7-де тінтіген. Пәтерді тінту шарасына тоғыз полицей қатысып, тағы бірнеше қызметкер мен арнайы жасақ пәтер сыртын күзеткен.

- Сот санкциясы туралы айтқанымен танысуға ешқандай құжат бермеді. Балалардың телефондарын, менің телефонымды, қайтыс болған анамның телефоны мен менің бір ескі блокноттарымды алып кетті. Не іздеп жатқандарын айтпады, - деді ол.

Үйінде тінту болған азаматтық белсенді Алтын Лесбаева полиция өкілдерінің қолында сот санкциясы болмағанын, оны талап еткен соң ғана алып келгендерін айтады. Оның үйінде тінту кешкі сағат он шамасында болған.

- Үнпарақ, Қазақстан туын, тыйым салынған үгіт-насихат қағаздарын іздеді. Таба алған жоқ. Мені Алматы аудандық полиция басқармасына апарып, жауап алған соң босатып жіберді. Түнгі үште үйге келдім, - дейді Алтын Лесбаева.

Бұдан бөлек, полиция 27 қазанда белсенділер – Әлия Жакупова, Әсел Оңланбекызы, Айнұр Мырзалиева мен Асқар Қайырбектің үйін де тінтіген. Әлия Жакупова мен Айнұр Мырзалиеваға "ешқайда кетпеу туралы" ескерту берілген.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова Қылмыстық-проессуалдық кодекске сілтеме жасап, сот санкциясының қашан қабылданғаны жайлы ақпарат беруден бас тартты. Ол азаматтық белсенді Асқар Қайырбекке қатысты істің сот өндірісіне келіп түскенін, бірақ әлі қаралмағанын хабарлады. Істің қай сотта қаралатынын да нақтыламады.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті полицияның азаматтық белсенділер үйін тінтігенін растап, бәрі сот санкциясымен болғанын атап өтті.

XS
SM
MD
LG