Ссылки доступа

Бішкекте Франция президентіне қарсы митинг өтті


Бішкекте 1 қарашада Франция президенті Эммануэль Макронға қарсы өткен акцияға кемінде 500 адам жиналған.

Олар Мұхаммед пайғамбар карикатурасын салуды доғарып, исламға қарсы үндеулерге тыйым салуды талап етті. Акцияны ұйымдастырушы, белсенді Абдулхамид Таштанов француз лидерін мұсылман әлемінен кешірім сұрауға шақырды. Митингке экс-депутат Тұрсынбай Бакир уулу да қатысты.

Дәл осындай акция 30 қазанда Ош қаласында да өтті.

Эммануэль Макрон 16 қазанда мұғалім Самюэль Пати оқушыларына сөз еркіндігі туралы айтып, Charlie Hebdo журналында жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткені үшін өлтірілген қайғылы оқиғаны айыптап, исламшыл экстремистерді қатты сынға алған.

Күдікті – мәскеулік этникалық шешен Абдулах Анзоров Twitter парақшасына мұғалімнің денесінің суретін салып, пайғамбарды балағаттағаны үшін "өлтіргенін" жазған. Қазір бұл аккаунт жойылған.

Франция президенті бұл оқиғаны "исламшыл террористік шабуылдар" деп атады. Оның бұл сөздері бірқатар мұсылман елдердің басшыларының наразылығын туғызған. Осыдан кейін Францияның әртүрлі қалаларында қарулы шабуылдар орын алды.

XS
SM
MD
LG