Ссылки доступа

Қарағанды шахтерларының жұмыс берушіге қойған талаптары орындалатын болды


Қарағандыда міндетті зейнетақы және сақтандыру жарналары бойынша берешек болып қалған жұмыс беруші – "Altyn Komir Service" компаниясын сотқа берген 45 жұмысшы медиациялық келісімге келді.

Құжатқа сәйкес, жұмыс беруші тек талап арыз берген жұмысшылар ғана емес, бүкіл ұжым - 400-дей адамның алдындағы қарызын өтеуге міндеттеме алған.

Бүгін сотта тараптар шахтерлар мен жұмыс беруші арасындағы медиациялық келісімді бекітуді сұрады. Жауапкер – "Altyn Komir Service" компаниясының өкілі осы келісімде көрсетілген кейбір шарттарды орындауға уәде берді. Кәсіби медиатор – Қарағандыдағы конфликтілерді шешу институты бекіткен бұл келісімнің бірнеше шарты бар.

Сот отырысынан соң Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан талапкерлер өкілі Александр Пак мекеме мына міндеттемелерді мойнына алғанын айтты:

  • Қазір зейнетке шығып жатқан барлық жұмысшылар алдындағы зейнетақы төлемі бойынша берешекті бірден төлеу;
  • Кезекті зейнетақы төлемдерін төлеу, ал алдыңғы екі жылдың қарызын 2021 жылдың ішінде төлеу;
  • Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру бойынша кезекті сақтандыру төлемдерін төлеу. Ал жиналып қалған ал үш айдың берешегі төленді.

Дегенмен, барлық шарттар бойынша келісімге келу мүмкін болмады. Мәселен, жұмыс өтіліне сәйкес төленетін қосымша төлемдерді қалпына келтірудің сәті түспеді. Бұл өтем алынып тасталғалы жұмысшылардың табысы азайып кеткен еді. Мекеме басшылығы мұндай төлемді беруден түбегейлі бас тартып отырған жоқ. Мекеме көмір өндіру бойынша белгілі бір межеге жете алса, төлемдер қайта жасалуы мүмкін.

Екі тараптың уәжін тыңдаған сот бұдан соң бұл мәселе бойынша талап арыз беру мүмкін еместігін ескертіп сот ісін тоқтату туралы шешім шығарды.

Жұмыс беруші келісім талаптарын орындамаған жағдайда талапкер сотқа шағымдана алады. Ондай жағдайда сот орындау қағазын беріп, келісімде көрсетілген сома мәжбүрлеп алғызуға мүмкіндік береді.

Сотқа қатысқан еңбек инспекциясы басқармасының өкілі компанияны еңбек заңдарын бұзбауға, медациялық келісім шарттарын сақтауға шақырды.

Шахтерлар жұмыс берушінің ұзақ уақыттан бері зейнетақы және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру төлемдерін, сондай-ақ жұмыс өтілі үшін үстемақыны төлемей жүргенін білген соң Altyn Komir Service компаниясында еңбек дауы туған. 45 шахтер бірлесіп, компанияны сотқа берген. Жұмысшылардың бір бөлігі ғана соттасуға келісім берген. Дегенмен, медиациялық келісімнің шарттары барлық жұмысшылар үшін бірдей орындалмақ.

XS
SM
MD
LG