Ссылки доступа

Тәжікстанда танымал діни қызметкердің ұлы "мемлекетке сатқындық" жасады деп сотталды


Саид Киёмиддин Гози.

Душанбе қалалық соты танымал діни қызметкер Саид Киёмиддин Гозидің 44 жастағы ұлы Саидмұхаммад Саидкиёмиддинді "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен 13 жылға бас бостандығынан айырды. Сот отырысы жабық есік жағдайында өтті.

"Саидмұхаммад Саидкиёмиддин 90-жылдардың соңында Иран Ислам республикасының мүддесі үшін жұмыс істеді" деп айыпталды деп хабарлады Азаттықтың тәжік қызметінің дереккөзі. Оның сөзінше, ол екі тәжік студентіне иран визасын алып беруге көмектескен.

Саидмұхаммадтың туыстары сот шешімімен келіспейді, Жоғарғы сотқа шағымданамыз деді.

"Менің білуімше, студенттер Иранға өз еркімен кеткен. Ұлым қазір қант диабетімен ауырады. Апта сайын дәрі жеткізіп тұрамыз. Ұлым мемлекетке қарсы ештеңе істемеді. Жақын күндері оның бостандыққа шығатынына сенемін", - деді анасы Раджабгүл.

Діни қызметкер Саид Киёмиддин Гозидің ұш ұлы биыл шілде айында ұсталған. Қалған екі ұлы діни экстремизм бойынша айыпталып жатыр.

Сайид Киёмиддин Гозидің өзі 2017 жылы Ресейде ұсталып, Тәжікстанға жөнелтілген. 2018 жылы елдің Жоғарғы соты оны діни алауыздық туғызды, конституциялық құрылымды күшпен құлатпақ болды деген айыппен 25 жылға соттады. Кейін оның жаза мерзімі 18 жылға кеміді. Бірақ Киёмиддин Гози 2019 жылдың мамыр айында Вахдат түрмесіндегі бүлікте өлтірілді.

Ол азаматтық соғыс кезінде Ауғанстанға қашып, Тәжіктің бірлескен оппозициясымен жұмыс істеді. Кейін екі тарап бітімге келгеннен кейін, Гози 1997 жылы еліне оралған.

XS
SM
MD
LG