Ссылки доступа

Беларусьтегі наразылық акциясында шамамен 800 адам ұсталды


Беларусьте милиция үкіметке қарсы акцияға шыққан жүздеген адамды ұстады. 13 жексенбі қатарынан наразылық акциясын өткізгендер Александр Лукашенконың қызметтен кетуін, жаңа президент сайлауын өткізуін талап етті.

«Весна» адам құқықтарын қорғау ұйымының хабарлауынша, қауіпсіздік күштері 8 қарашада шамамен 800 адамды ұстады. Минск, Гомель, Витебск, Жлобин және басқа да қалаларда өткен шерулерде белсенділер қамауға алынды. Кем дегенде алты журналист ұсталғаны мәлім болды. «Весна» мәліметіне қарағанда, ұсталғандардың кейбірі кейін босатылған. Әлеуметтік желілерде таралған видеолардан милиция қызметкерлерінің адамдарды құлатып, оларды арнайы көлікке салып жатқанын көруге болады.

Бұның алдында Минск милициясы он адамды «рұқсат етілмеген акцияға шыққаны үшін» ұстағанын хабарлаған. Журналистердің есебі бойынша, Минск қаласындағы митингіге бірнеше мың адам қатысқан. «Демократия маршына» қатысушылар оппозиция белгісіне айналған ақ-қызыл жалаулар мен қолшатыр ұстап жүрді.

Минск милициясы бұл күні таңертеңнен көшелер мен қала орталықтарын жауып тастаған. Одан бір күн бұрын, 7 қарашада, дәрігерлердің наразылық акциясында шамамен 60 адам ұсталды.

Беларусь қалаларында наразылық акциялары биыл 9 тамызда басталған. Тұрғындар сол күні өткен президент сайлауының нәтижесімен келіспей, жаңа сайлау өтізуді талап етті. Батыс елдері де Лукашенконың сайлаудағы жеңісін мойындаудан бас тартты, ал Еуроодақ оған және оның жақтастарына санкция салды.

XS
SM
MD
LG