Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі 100 мың сомға дейін несие алғандарға көмектесу үшін 1,2 млрд сом бөледі


Қырғызстан үкіметі 100 мың сомға дейін несие алып, оны төлей алмаған азаматтарға көмектесу үшін 1,2 млрд сом бөледі. Бұл туралы президент қызметін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров 9 қарашада Нарын қаласының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.

«100 мың сомға дейін несие алғандарға біз үш айдың пайызын төлеуге көмектесеміз. Желтоқсан, қаңтар және ақпан. Пандемия кезінде мемлекет халыққа көмек бере алмады. Қалғандары күте тұрады, мемлекет мүмкіндігінше көмектесуге тырысады. Ол үшін 1,2 млр сом (14 млн доллар) керек. Осындай қаулы жақында қабылданады», - деді Жапаров.

Биыл сәуір айында үкімет қаржы институттарына несиені қайтару шарттарын қайта қарауға кеңес берді, алайда банктер мұндай ұсынысты орындамаған.

Қаржы минстрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың тоғыз айында республикалық бюджеттің кірісі 89,8 млрд сом, ал шығыны 104,9 млрд сом болған. Бюджет 15,1 млрд сом дефицитпен орындалған.

2020 жылға арналған республикалық бюджет 27,7 млрд сом дефицитпен қабылданған еді. Бірақ пандемиядан соң үкімет оны қайта қарауға мәжбүр. Қаржы министрлігі 34 млрд сом дефицит болады деп есептеп, бюджетті түзету туралы ұсынысты үкімет қарауына беруді көздеп отыр.

XS
SM
MD
LG