Ссылки доступа

Батыс Қазақстанда карантин талаптары күшейді


Батыс Қазақстан облысында демалыс күндері санитария бекеттері орнатылады, Орал қаласына кіріп-шығу шектеледі.

Аймақтың санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев қабылдаған қаулы 9 қарашада күшіне енді.

Енді Орал қаласына адам өмірін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, транзиттегі жолаушылар, вахтаға шығушылар, диқандар, сонымен бірге емделуге барғандар және туысын жерлеуге шыққандар ғана жіберіледі. Олардың тиісті құжаттары болуы керек.

Аймақта мемлекеттік мекемелер қызметкерлердің 80 пайызын қашықтан атқарылатын жұмысқа ауыстырады. Жарыстар, көрмелер мен форумдар, көпшілік жиындар өткізуге тыйым салынды. Сауда орталықтары, кафелер, барлар, мейрамханалар, базарлар, шіркеулер мен мешіттер жұмыс күндері ғана ашылады. Жексенбі күні фитнес-орталықтар, сұлулық салондары, шаштараздар, бассейндер жұмыс істемейді.

Жексенбі күндері облыста автобус қатынасы шектеледі. Түнде көлікпен жүруге болмайды.

Аймақта бір күн бұрын 45 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Пандемия басталғалы бері облыста 7 274 науқас тіркелген, 121 науқас қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG