Ссылки доступа

АҚШ бас прокуроры сайлауда заң бұзылғаны туралы арыздарды тексеруді тапсырды


АҚШ бас прокуроры Уильям Барр дүйсенбіде АҚШ президентін сайлау кезінде заң бұзылды делінетін арыздарды тексеруді тапсырды.

Бұған қоса, бас прокурор қызметкерлерін «ойдан құрастырылған және негізсіз» арыздарды дәлелдеуге тырыспауға үндеген. Барр хатын «Америка дауысы» жариялады.

Сайлауда заңбұзылған делінетін арыздарды президент Дональд Трамп жақтастары айтып жүр. Олар сайлауда демократ Джо Байденнен жеңілгенін мойындаудан бас тартты. Әдетте, елдегі ірі ақпарат құралдары сайлау жеңімпазын жариялағанда, оның қарсыласы жеңілгенін мойындайды, бірақ бұл жолы олай болмай шықты.

Бұның алдында Трамп штабы федералдық сотқа шағым түсіріп, сол арқылы Пенсильвания штатының сайлауда Байден жеңіске жеткенін ресми куәландыруға кедергі келтіруге тырысты. Штаб арызында «поштамен түсетін дауыстар әділ жүрмеген» делінген. Демократтар бұны жоққа шығарып отыр.

Дональд Трамп президент қызметін 20 қаңтарға дейін атқарады. Сол күні жаңа президенттің инаугурациясы өтеді.

XS
SM
MD
LG