Ссылки доступа

Шыңжаң қазағы Украинада қамауда отырғанын айтады (видео)


Қытай азаматы, этникалық қазақ 23 жастағы Ерсін Еркінұлы Украинада заңсыз жүрген азаматтарды ұстайтын уақытша қамау орнында отырғанын мәлімдеп, өзін Қытай билігіне тапсыруы мүмкін екенін айтып, көмек сұрады.

"Қытай паспортым жоғалып қалған. Украин соты мені Қытайға қайтармақшы. Қытайға қайтсам, мені түрме мен азап, қорлық, өлім күтіп тұр. Сондықтан мені Қазақстанға алып кетіңіздерші" делінген ақпарат құралдарынан көмек сұраған жазбасында.

7 қараша күні түсірілген видеода Еркінұлы Украина сотының өзін Қытайға қайтару туралы шешім шығарғанын айтып, мән-жайды баяндайды.

"Төрт күн қамауда болдым. 4-күні істі сотқа тапсырды. Маған 4 мың гривен айыппұл салды. Қытайға депортациялауға кесті" дейді Еркінұлы видеода.

Бейнежазба Украинаның Львов қаласындағы заңсыз жүрген азаматтарды ұстайтын уақытша қамау изоляторынан түсірілгенге ұқсайды.

"Жас алаш" газетінің тілшісі Тоқтар Жақаштың Азаттыққа айтуынша, Еркінұлы осыдан бірнеше күн бұрын WhatsApp арқылы шығып, жағдайды түсіндірген. Еркінұлы Қазақстан билігінен ықтиярхат алып, азаматтыққа өтініш тапсырамын деп жүрген кезде "құқық қорғау органдарының қысымына тап болғанын" айтқан.

Ақыры Түркияға кетуге мәжбүр болған, "сол жақтан Еуропаға жетпек болып, Киевтің Борисполь әуежайына келгенде құжаттарын жоғалтқан. Сүйтіп, украин шекарашыларына ұсталған". Тоқтар Жақаш Еркінұлының айтқандарын осылай баяндайды.

Желіде тараған видеода Еркінұлы Қазақстанға 2019 жылы желтоқсан айында келгенін, Киевке биыл қазан айында жеткенін айтады.

Азаттық тілшісі Қазақстан мен Украинаның ресми орындарынан әзірге жауап ала алмады. Шыңжаң қазағы барды делінген Алматы облысы Сарқан ауданының көші-қон басқарма мамандары Еркінұлы туралы сұрақтарға нақты жауап бермеді.

Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір заңгерлердің айтуынша, Ерсін Еркінұлының Украинадан босқын мәртебесін сұрау мүмкіндігі бар. Оған БҰҰ-ның сол жақтағы босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарына да хабарласып, көмек сұрауына болады.

Соңғы бірнеше жылда Қытайдың Шыңжаң аймағынан бірнеше этникалық қазақ қашып келген. Олар сол жақтағы қысымға шыдамай, қашуға мәжбүр болғандарын айтқан. Қазақстан билігі жақында төртеуіне босқын мәртебесін берген. Бір-екі жыл бұрын босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға қоныс аударған еді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

XS
SM
MD
LG