Ссылки доступа

The Times: Шерлок Холмстың Лондондағы үйі Дариға Назарбаеваға тиесілі


Жазушы Артур Конан Дойл шығармасының кейіпкері Шерлок Холмс тұрған Бейкер-стриттегі үйі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына тиесілі. Бұл туралы The Times газеті хабарлады.

Басылым мәліметіне қарағанда, Бейкер-стрит, 221b мекен-жайындағы үйдің 90 пайызына бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева иелік етсе, 10 пайызы оның ұлы Нұрәлі Назарбаевтың атына жазылған.

Бейкер-стрит бойындағы 215-237 аралығындағы жерлер мен үйлердің бәрі Назарбаев отбасының иелігінде, деп жазды The Times. Қағаз жүзінде олар Farmont Baker Street Limited компаниясына жазылған. Компания жылжымайтын мүліктерді 140 миллион фунт стерлингке сатып алған.

2015 жылы Global Witness үкіметтік емес ұйымы зерттеу жүргізіп, Бейкер-стриттегі үйлер Дариға Назарбаеваның күйеуі Рахат Әлиевке тиесілі болғанын анықтаған. Әлиев 2015 жылы Австриядағы түрмеде өз-өзіне қол жұмсады делінеді.

Дариға Назарбаева – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, сенаттың бұрынғы спикері. Елді 30 жылға жуық уақыт билігене Назарбаев өз еркімен президент қызметінен кетсе де, елді басқаруға ықпал етіп отыр. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

XS
SM
MD
LG