Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда төбелес кезінде Дулат Ағаділдің ұлын өлтіріп кетті


Активисты у здания морга, куда на опознание тела прибыли родственники убитого. Нур-Султан, 11 ноября 2020 года.

10 қарашада түнгі сағат 23.00 шамасында Нұр-Сұлтан маңындағы Көктал шағын ауданында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің кәмелетке толмаған ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған.

Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шәуленова хабарлады.

Төбелестің неден шыққаны белгісіз. Ресми хабарламада "жастар арасында кикілжің болып, төбелеске ұласқаны" айтылған. Соның салдарынан екі адам жарақаттанған.

"Жарақаттанғандардың бірі 17 жастағы Ж.Ағаділ пышақталған, жедел жәрдем көлігі келгеннен кейін жарақаттан көз жұмған" делінген хабарламада.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бап 2-бөлігі ("Адам өлтіру") және 293-бап 3-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Азаттықтың жеке дереккөзі бойынша, оқиғаға байланысты бір адам ұсталған, екеуі іздеуде жүр.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Оның өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Алайда санаулы күннен соң марқұмның мәйіті әлеуметтік желіде тарап, онда белсендінің денесінде дақтардың бары байқалған. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, туысының өз жолымен өлмегенін айтады. Прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан. Марқұмның туыстары мен белсенділер ашық тергеуді талап етеді.

XS
SM
MD
LG