Ссылки доступа

Түркіменстанда маска режимін сақтауға бақылау күшейтілді


Өлкеде коронавирус жұқтырған бірде-бір оқиға тіркелмеді деп келе жатқан Түркіменстан билігі маска режимін сақтауды қатаң бақылауға алды.

Азаттық радиосы түркімен қызметінің мәліметіне қарағанда, жергілікті билік, полиция және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бірігіп, түрлі мекемелерге, компанияларға және мектептерге рейд жүргізіп, маскасыз жүргендерге айыппұл салып жатыр.

"Көшеде маскасыз жүргендерге 20 манаттан (5,7 АҚШ доллары), жабық мекемелерде маска тақпағандарға 50 манаттан (14,3 доллар) айыппұл салып жатыр. Бұл қарапайым тұрғындар үшін үлкен ақша болып есептеледі", - дейді Азаттықтың аймақтағы тілшісі.

Полициядағы дереккөздің хабарлауынша, әрбір облыстарда тәртіп сақшыларына күніне кем дегенде маскасыз жүрген бір адамды ұстауға міндеттеген. Егер полиция өкілі маскасыз жүрген азаматтарға айыппұл салмаса, өз қалтасынан төлейді.

Ресми Ашғабад бұрынғыдай елде коронавирус жоқ деп келеді. Түркіменстан - COVID-19 өз аймағында бар екенін терістеп келе жатқан БҰҰ-ның жалғыз мүшесі.

XS
SM
MD
LG