Ссылки доступа

Қырғызстанда партиялардың парламентке өту межесі 3 процентке төмендеді


Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров 11 қарашада "Қырғыз Республикасының президентін және Жогорку Кеңеш депутаттарын сайлау жөніндегі" заңға өзгерістер енгізу жөніндегі құжатқа қол қойды.

Оған сәйкес, парламентке өтудің сайлау межесі қазіргі жеті пайыздан үшке, сайлау жарнасы бес миллион сомнан бір миллион сомға төмендетілді. Сонымен бірге Қырғызстан ішінде №2 формамен дауыс беру жойылды. Мұндай құжатпен шетелде тұрып жатқан қырғыз азаматтары ғана дауыс бере алады. Бұдан бөлек, президент және парламент сайлауына қатысқан үміткерлер сайлаушылардың бір пайыз дауысын алса, сайлау жарнасын қайтарып алады. Осыған дейін бес пайыз болған.

Құжат президент қол қойған күннен бастап күшіне енеді.

Сөз болып жатқан заңды Жогорку Кеңеш 22 қазанда қабылдап, президент міндетін атқарушы Садыр Жапаровқа қол қоюға жіберілген.

4 қазанда Қырғызстанда кезекті парламент сайлауы өткен. Сайлау нәтижесі бұрмаланды деп қарсы шыққан сайлаушылар 5 қазаннан бастап ірі наразылық акцияларын бастаған. Осыдан кейін ОСК сайлау нәтижесін жойып, Қырғызстанда билік алмасты.

XS
SM
MD
LG