Ссылки доступа

Алматыда билік рұқсат берген митинг өтті. Талап – несиені кешіру, сайлауға бойкот


Бүгін, 14 қараша күні Алматы қаласында Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында митинг өтті. Митингіге Демократиялық партия құруға талпынып жүрген саясаткер Жанболат Мамай мен Украинада тұратын журналист, Youtube желісіндегі "Бәсе" каналының авторы Айдос Садықов шақырды.

Ұйымдастырушылар несиенің кешірілуін, жердің сатылмауын, саяси тұтқындардың босатылуын талап етіп, 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауына бойкот жариялауға шақырды.

Митинг алдында оппозициялық "ДАТ" газетінің жетекшісі Ермұрат Бапидің ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар Алматыдағы митингіге қатысамын деген Жаңаөзен тұрғындарының қаладан шығуына да тосқауыл қойылған.

Азаттық тілшісі митинг басталар сәтте жүздеген адамның жиналғанын хабарлады. Біразы саяси тұтқындардың суретін көтеріп шыққан.

Жанболат Мамай түрмеде қайтыс болған белсенді марқұм Дулат Ағаділдің бірнеше күн бұрын қаза тапқан ұлы Жанболат Ағаділге тоқталып, әділ тергеуді талап етті. Осыдан кейін ол билік құрбаны деген азаматтардың құрметіне бір минуттық үнсіздік жариялады.

Осыдан кейін митингіге келген азаматтар бірінен кейін бірі сөз сөйледі. Соңында Жанболат Мамай жиынның қарарын оқып, 16 желтоқсан күні 2011 жылғы "Жаңаөзен" және 1986 жылғы "Желтоқсан" оқиғаларының құрбандарын еске алу үшін тағы да митингі өткізетінін мәлімдеді.

  • 2021 жылы жерді шетелдіктерге ұзақ жылға жалға беруге мүмкіндік беретін заң өзгерістеріне салынған мораторийдің мерзімі бітеді. Мораторий 2016 жылы Қазақстанның бірнеше қаласында қарсылық акциялары өткеннен кейін салынды. Биыл 10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Бірақ биыл өткен қарсылық акцияларының қатысушылары жерді шетел азаматтарына беруге тыйым салатын құқықтық механизмді көрмей тұрғанын айтқан.
  • Белсенділер несиенің кешірілуін коронавирус пандемиясы мен соған байланысты енгізілген карантин салдарынан туындаған экономикалық жағдайға байланысты талап етіп отыр. Олардың айтуынша, осының салдарынан халықтың тұрмысы төмендеген.
  • Қазақстанда парламент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген. Кей сарапшылардың сөзінше, сайлаудың нәтижесі алдын ала шешіліп қойған.
XS
SM
MD
LG