Ссылки доступа

Президент міндетін атқара бастаған Жогорку Кеңеш спикері халыққа үндеу жасады (видео)


Садыр Жапаров президент міндетін атқарушы қызметін тапсырып бергеннен кейін, Конституцияға сәйкес президент міндетін атқара бастаған спикер Талант Мамытов 14 қарашада үндеу жасады.

Ол Қырғызстан 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейінгі саяси дағдарыстан шыққанын, қазір құқық қорғау органдары, соттар, мемлекеттік және жергілікті басқару органдары штаттық режимде істеп жатқанын мәлімдеді.

Ол шағын және орта бизнесті қорғау, дамыту істері қолға алынғанын, сыртқы саясатта Қырғызстан жақын және алыс елдермен қарым-қатынасты дамытуды тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Ол сонымен бірге президент сайлауы мәселесіне тоқталды.

"Ең басты міндет - 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген президент сайлауын ашық және заң аясында өткеру. Барлық үміткерлерге тең шартты қамтамасыз етіп, елдің еркін таңдауын қамтамасыз ету. Сондықтан, өлке басшысының міндеттерін атқаруға кірісіп жатып, ел алдындағы, мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігімді сезінемін", - деді Талант Мамытов.

Президент сайлауына қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) 63 адам арыз берді.

Қырғызстанда 4 қазанда кезекті парламент сайлауы өтіп, оның нәтижесіне наразы болған оншақты саяси партия 5 қазанда Бішкекте митинг өткізді. Митинг жаппай тәртіпсіздікке ұласып, биліктің алмасуына алып келді.

Сооронбай Жээнбеков 16 қазанда президенттік қызметін тапсырып берді. Президент міндетін толқу кезінде жақтастары түрмеден босатып алған Садыр Жапаров атқарып келді. Ол президенттіке үміткер болғаны үшін, қызметін 14 қарашада тапсырды.

Заңға сәйкес, парламент спикері Талант Мамытов президент міндетін уақытша атқарып жатыр.

Президент сайлауы 10 қаңтарға белгіленген.

XS
SM
MD
LG